Аңдатпа
Цифрлық технологиялар білім беру саласында белсенді қолданылуда. Иммерсивті технологиялар, атап айтқанда виртуалды (VR), толықтырылған (AR) және аралас шындық (MR) технологиялары жоғары білім беруде кең таралуда және тәжірибеге негізделген интерактивті оқыту мүмкіндігін ұсынады. Мақаланың мақсаты – жоғары білім беру жүйесінде робототехниканы оқытудағы VR/AR/MR технологияларына негізделген иммерсивті технологиялардың әлеуетін қарастыру. Авторлар теориялық әдістерді (ғылыми әдебиеттерді талдау және жалпылау) және эмпирикалық зерттеу әдістерін (ЖОО оқытушыларының сауалнамасы, эксперименттік зерттеу нәтижелерін талдау) қолданды. Зерттеу аясында робототехника және VR/AR/MR технологияларын оқытумен байланысты қазақстандық университеттердің оқытушыларына сауалнама ұйымдастырылды және жүргізілді (N=23). Сауалнама білім беру процесінде, соның ішінде робототехниканы оқыту кезінде VR/AR/MR технологияларының қазіргі жағдайын, кедергілерін және қолдану перспективаларын анықтауға бағытталған. Зерттеу нәтижелері оқытушылардың иммерсивті технологияларды қолдануға жоғары қызығушылығын көрсетті, бірақ айтарлықтай қиындықтар, соның ішінде жабдықтардың, әдістемелік материалдардың және бағдарламалық қамтамасыз етудің жетіспеушілігі анықталды. Білім беру бағдарламаларының тәжірибеге бағытталған компонентін арттыру құралы ретінде VR/AR/MR технологиялары негізінде робототехника бойынша виртуалды зертхана құру қажеттілігі туралы қорытынды жасалды. Зерттеу нәтижелері жоғары білім беруде иммерсивті технологияларды оқыту құралы мен әдісі ретінде қолдану мүмкіндігі мен перспективаларын нақтылауға мүмкіндік берді.