Аңдатпа
Бұл мақалада дене тәрбиесі пәні мұғалімінің білім беру ұйымдарындағы тұлға қалыптастыру ісіне қосар үлесіне назар аударыла отырып, ата-анамен ынтымақтастықты орнатуда ұлттық ойындардан сайыстар ұйымдастырудың тиімділігі баяндалады. Білім беру саласына қай кезде де жоғары талап қойылады, қазіргі күнгі тұлға қалыптастыруда тәрбие мен білімнің, ата-анамен жұмыстың, ұлттық құндылықтардың маңызы арта түсті. Жас ұрпақтың дене бұлшық еттерінің жиілікті, тұрақтылықты талап ететін шапшаңдық қасиеттерін қалыптастыру нейробұлшықет қимылының үйлесуі арқылы оның ақыл ой өрісінің дамуына да әсер ететіні белгілі.
Осыған орай, ата-анамен ұйымдастырылатын ұлттық ойындар білім алушының қызығушылығы мен бейімін анықтауға көмектесетіні, одан соң баланың дамуын жіті бақылау үшін өткізілген сайыстардың талдануы, кері байланыс және келесі сайысқа қатысуға ынтасы, бұларға қоса аптасына үш рет өтетін дене шынықтыру сабақтарының үлесі, оқушының аффективті әрекеті, мінез-құлқына ата-анамен өткізілген сайыстардың әсері, сабақ үлгеріміндегі өзгерістер корреляиясына арналған әдебиеттерге шолу жасалды.
Ата-анамен ұйымдастырылатын ұлттық ойындардың тиімділігі дене тәрбиесі пәні мұғалімінің практикаға бағытталған педагогикалық тәсілдерінің нәтижесіне байланысты, сондай-ақ тұлғаның дамуына мониторинг жүргізу арқылы ұлттық ойындардың тиімділігін анықтауға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, сыныпішілік, мектепішілік өткізілетін әрбір сайыстың тұлға қалыптастырудағы тиімділігі, тәрбие мен білім беру ісін кешенді ұйымдастыруға әсері қарастырылады.