Аңдатпа
Зерттеуде әртүрлі педагогикалық білім беру бағдарламаларында білім алатын болашақ педагогтердің девиантты мінез-құлық танытатын балалармен өзара әрекеттесуге кәсіби даярлығы қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі девиантты мінез-құлықтың алдын алуда, психологиялық қолайсыздықтың алғашқы белгілерін ерте анықтауда және білім алушылардың проблемалық мінез-құлқына байланысты тәуекелдерді айқындауда педагогтің маңызды рөлімен негізделеді. Зерттеудің мақсаты – әртүрлі педагогикалық даярлық бағыттарында білім алатын болашақ педагогтердің девиантты мінез-құлық танытатын балалармен жұмыс істеуге кәсіби даярлығының когнитивтік және операциялық-іс-әрекеттік компоненттеріне қатысты өзіндік бағалау көрсеткіштерін зерделеу және салыстыру. Деректер кәсіби білімдер мен дағдыларды бағалауға арналған авторлық өзіндік есеп беру сауалнамасы арқылы жиналды. Статистикалық талдау Jamovi бағдарламасының 2.6 нұсқасы арқылы жүргізілді. Топтар арасындағы айырмашылықтарды анықтау үшін Манн-Уитнидің U-критерийі қолданылды, сондай-ақ әсер көлемін бағалау мақсатында рангтік-бисериалдық корреляция коэффициенті есептелді. Зерттеу нәтижелері бірқатар жалпы және жекелеген өзіндік бағалау көрсеткіштері бойынша топтар арасында статистикалық тұрғыдан маңызды айырмашылықтардың бар екенін көрсетті. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу бағдарламаларында білім алатын студенттер кәсіби білімдері мен дағдыларын жоғарырақ бағалаған, сондай-ақ интегралдық көрсеткіш бойынша да жоғары нәтижелер көрсеткен. Бағаланған жекелеген дағдылардың ішінде топтар арасындағы ең үлкен айырмашылық педагогикалық жобалау дағдылары бойынша анықталды (r = 0.44). Алайда зерттелген көрсеткіштердің барлығы бойынша статистикалық тұрғыдан маңызды айырмашылықтар анықталған жоқ. Бұл топтар арасындағы айырмашылықтардың іріктемелі сипатта болғанын көрсетіп, зерттеу гипотезасының ішінара расталғанын айғақтайды. Алынған нәтижелер педагогтерді даярлаудың практикалық бағдарын күшейтуді болашақ педагогтердің кәсіби даярлығын жетілдірудің перспективалы бағыты ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Нәтижелерді түсіндіру кезінде қолданылған құралдың өзіндік есеп беру сипатын ескеру қажет: анықталған айырмашылықтар қатысушылардың өздерінің кәсіби даярлығына берген бағасын көрсетеді және кәсіби құзыреттіліктің нақты деңгейіндегі объективті айырмашылықтар ретінде түсіндірілмеуі тиіс.

