Аңдатпа
Мақалада мектеп командаларын құру және оларды сүйемелдеу арқылы мектептің өзін-өзі оқытатын ұйым ретіндегі дамуын басқару мәселесі қарастырылады. Зерттеудің өзектілігі басқарудың әкімшілік-иерархиялық моделінен педагогтердің командалық өзара әрекетіне, рефлексиясына және білім беру тәжірибесін талдауына негізделген бірлескен кәсіби даму моделіне көшу қажеттілігімен айқындалады. Зерттеудің мақсаты — өзін-өзі оқытатын ұйым логикасында мектепті дамыту тетігі ретінде мектеп командаларының басқарушылық әлеуетін негіздеу. Зерттеу әдіснамасы өзін-өзі оқытатын ұйымдар мәселелері бойынша әдебиеттерге теориялық талдауды, Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептеріндегі 666 педагогтің сараптамалық пікірін талдауды, сондай-ақ мектеп командаларын дамытудың басқарушылық шарттарын модельдеуді қамтиды. Мақалада «мектеп командасы» ұғымы проблемаларды бірлесіп анықтауға, шешімдерді жобалауға, педагогикалық тәжірибелерді апробациялауға және нәтижелерді бағалауға бағдарланған педагогтер мен басқарушылардың кәсіби бірлестігі ретінде нақтыланады. Зерттеу нәтижесінде диагностикалық, жобалау, әрекеттік және рефлексиялық-талдамалық кезеңдерді қамтитын мектепті мектеп командалары арқылы дамыту моделi ұсынылды. Негізгі басқарушылық шарттар айқындалды: бөлінген көшбасшылық, кәсіби сенім мәдениеті, тұрақты командалық рефлексия, деректермен жұмыс, әдістемелік сүйемелдеу және командалық жұмыс нәтижелерін мектептің даму стратегиясына енгізу. Мектеп командалары басқару цикліне жүйелі түрде ықпалдастырылған жағдайда, олар мектепті өзін-өзі оқытатын ұйым ретінде қалыптастырудың тиімді тетігі бола алатыны туралы қорытынды жасалды.

