Аңдатпа
Мақалада 10-сынып оқушыларының олимпиадалық математикалық есепті шешу моделін құру дағдысын қалыптастыру мәселесі қарастырылады. Қазіргі зерттеулерде есептің жалпы нәтижесі жиі бағаланады, ал әдісті таңдау, шешімді жоспарлау, қолдану шарттарын тексеру және дәлелдеуді аяқтау сияқты әрекеттердің өзгерісі жеке қарастырылатын жұмыстар аз. Зерттеудің мақсаты — жартылай ізденістік әдіс пен қалыптастырушы бағалауды жүйелі қолдану барысында осы әрекеттердің қалай өзгеретінін анықтау. Зерттеу 2024–2025 оқу жылында 10-сыныптың 24 оқушысынан тұратын бір топта Action Research форматында жүргізілді. Бастапқы және қорытынды диагностика, жазбаша жұмыстарды талдау, сауалнама, жартылай құрылымдалған сұхбат, педагогикалық бақылау және бес көрсеткіштен тұратын диагностикалық рубрика қолданылды. Зерттеу циклдерінде шешу қаңқасы, түрлі деңгейдегі көмек беретін тапсырмалар, жұптық өзара тексеру, алгоритмді топпен қалпына келтіру және қалыптастырушы кері байланыс пайдаланылды. Рубрика бойынша орташа балл 15 балдың 6,4-інен 11,9-ына дейін өсті. Әдісті таңдауын негіздей алатын оқушылар үлесі 29%-дан 71%-ға, қолдану шарттары мен теңдік жағдайын тексеретіндер 17%-дан 63%-ға артты. Толық дәлелдеу көрсеткіші 21%-дан 58%-ға дейін өсті. Жазбаша жұмыстарды талдау әдісті таңдау мен жоспарлау тезірек жақсарғанын, ал қатаң дәлелдеуді аяқтау ең күрделі бөлік болып қалғанын көрсетті. Нәтижелер осы топтағы оң өзгерісті сипаттайды, бірақ бақылау тобы болмағандықтан оларды тек қолданылған әдістің себептік әсері ретінде түсіндіруге болмайды
