ПЕДАГОГТІҢ ЖИ АРҚЫЛЫ ИММЕРСИВТІ VR ОРТАСЫН ЖОБАЛАУ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІН ЖЕТІЛДІРУДІҢ МОДЕЛІ
PDF

Кілт сөздер

генеративті ЖИ, иммерсивті VR, Skybox AI, иммерсивті білім беру ортасы, педагогтің кәсіби құзыреттілігі, AI Competency Framework for Teachers, промпт-инжиниринг, қашықтан оқыту, педагогтің кәсіби дамуы

Аңдатпа

Мақала жасанды интеллект (ЖИ) арқылы виртуалды шынайылық (VR) ортасын жобалауда педагогтің кәсіби құзыретін дамытуға арналған. ЖИ құралдары 360° контент, 3D нысан, синтетикалық бейне мен диалогтік агенттерді жасауға мүмкіндік береді. Бұрын осындай жұмыс арнайы техникалық білімі бар мамандарға ғана қажет болса, қазір педагогикалық тәжірибеде де қолдануға болады. Бұл педагогтен ЖИ арқылы иммерсивті білім беру ортасын жобалай білу құзыретін талап етеді. Зерттеудің мақсаты ЖИ мен VR-ды сабаққа кіріктіруде педагогтің кәсіби құзыретін дамытуға арналған жобалау моделін ұсыну. Зерттеу әдістеріне ғылыми әдебиеттерді талдау және синтездеу, ЖИ сервистерінің педагогикалық қолданылуын шолу, сондай-ақ қазақстандық оқушылар мен педагогтердің сауалнама нәтижелеріне жүргізілген талдау енгізілді. Нәтижелер оқушылардың ЖИ-ні көбіне ақпарат іздеу (54,3%), аудару (42,2%) және жауап әзірлеу (38,1%) мақсатында қолданатынын көрсетті, ал педагогтер ЖИ мен VR интеграциясын әдістемелік тұрғыдан неғұрлым күрделі міндет ретінде бағалайды (33,0–51,6%). Осы негізде ЖИ құралдарымен сәйкестендірілген бес блоктан тұратын интеграцияланған модель ұсынылды: талдамалы-диагностикалық, дидактикалық, иммерсивті-технологиялық, фасилитациялық және рефлексивті-бағалау. Сонымен қатар «Ғарыш» тақырыбындағы VR оқу үзіндісін әзірлеуге арналған алты сатылы жобалау жұмыс үдерісі нақтыланды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы генеративті ЖИ сервистерінің педагогикалық қолданылуын UNESCO AI Competency Framework for Teachers құрылымымен байланыстыратын интеграцияланған модельді әзірлеумен айқындалады. Практикалық мәні осы модельдің педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеуде қолдануға жарамдылығымен сипатталады.

PDF