Аңдатпа
Бұл зерттеуде болашақ информатика педагогтерін даярлау барысында жасанды интеллект құралдарын білім беру деректерін талдау және визуализациялау мақсатында интеграциялау мәселесі қарастырылады. Болашақ педагогтердің жасанды интеллект бойынша құзыреттіліктеріндегі анықталған олқылықтарды толтыру мақсатында практикаға бағытталған цифрлық тренажер моделі әзірленді. Эмпирикалық зерттеуге Қазақстанның екі педагогикалық университетінің 120 информатика пәнінің болашақ мұғалімі қатысты; нәтижелерді бағалау және араласуға дейінгі және кейінгі сауалнама қолданылды. Араласуға дейін қатысушылардың тек 28 %-ы ғана деректерді талдаудың базалық деңгейін көрсетті, бұл жасанды интеллект сауаттылығы мен практикалық дағдылардың елеулі кемшіліктерін айғақтайды. Алынған нәтижелер негізінде бес модульді цифрлық тренажер архитектурасы ұсынылды, ол кейс- жағдайларды, практикалық құм жәшіктерін (сандбокстарды), теориялық негіздерді, визуализация құралдарын және бағалау жүйесін қамтиды. Ұсынылған модельді информатика мұғалімдерін даярлау процесінде қолдану анықталған олқылықтарды жоюға, деректерді жүйелі талдау мен интерпретациялау дағдыларын қалыптастыруға, сондай-ақ бағалаудың объективтілігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Алынған нәтижелер жасанды интеллект технологияларын информатика мұғалімдерін даярлау жүйесіне интеграциялаудың қажеттілігін айқындайды.

