Аңдатпа
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің стратегиялық дамуының басты бағыты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын оқу процесіне тиімді кіріктіру болып табылады. Бұл бағыт білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігіне айналып отыр, әсіресе жоғары оқу орындарында тәжірибелік сабақтардың мазмұнын жетілдіру мен оқыту әдістемесін жаңғырту тұрғысынан ерекше мәнге ие. ЖИ құралдары оқытушы мен студент арасындағы өзара әрекеттесуді жандандырып қана қоймай, оқу материалын дараландыруға, тапсырмаларды автоматтандыруға және жедел әрі сапалы кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл student-centered learning тұжырымдамасымен тығыз байланысты, себебі ол білім алушының оқу белсенділігін күшейтуге, өзіндік білім алу қабілеттерін жетілдіруге бағытталған.
Мақалада жоғары оқу орындарындағы тәжірибелік сабақтарға ЖИ құралдарын кіріктірудің педагогикалық және әдістемелік негіздері жан-жақты талданады. Зерттеу барысында ChatGPT, Wix ADI, Framer AI, Durable AI және басқа да заманауи ЖИ платформалары тәжірибелік тапсырмалардың мазмұнын байытуда және оқу процесін жандандыруда қолданылды. Ұсынылған әдістемелік модель үш негізгі кезеңнен тұрады: дайындық кезеңі (құралдарды іріктеу және тапсырмаларды жобалау), оқыту кезеңі (интерактивті тәжірибелік әрекет), бағалау және талдау кезеңі (нәтижелерді автоматтандырылған түрде өңдеу және кері байланыс).
Эксперименттік зерттеу нәтижелері ЖИ құралдарын қолдану тәжірибелік сабақтардың тиімділігін едәуір арттыратынын көрсетті. Студенттердің пәнге деген қызығушылығы мен танымдық белсенділігі өсті, ал топтық және жобалық жұмысқа қатысу деңгейі жоғарылады. Сонымен қатар, оқу процесі икемді және бейімделгіш сипатқа ие болды, бұл білім сапасына оң әсерін тигізді. Мақалада ЖИ технологияларын тәжірибелік сабақтарға енгізудің педагогикалық мүмкіндіктері мен әдістемелік шарттары кешенді тұрғыда қарастырылып, оқыту сапасын арттырудың тиімді жолдары анықталған.
Ұсыныстар қатарында оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыру, оқу-әдістемелік кешендерге ЖИ құралдарын енгізу, студенттердің жобалық және зерттеу жұмыстарында ЖИ технологияларын кеңінен пайдалану жолдары нақты көрсетілген.

