Аңдатпа
Дербестендірілген және адаптивті білім беру – заманауи цифрлық педагогиканың негізгі бағыттарының бірі, әсіресе информатика саласында дарынды оқушыларды даярлау үдерісінде өзекті болып табылады. Бұл жүйелік талдаудың мақсаты – информатика пәнін оқытудағы адаптивті білім беру мен дербестендірілген оқыту әдістеріне шолу жасау және олардың дарынды білім алушылар мен студенттердің негізгі құзыреттіліктерінің қалыптасуы мен оқу жетістіктеріне әсерін бағалау. PICOC моделіне сәйкес зерттеудің мақсатты тобы ретінде дарынды білім алушылар айқындалды; интервенция ретінде – информатикадан адаптивті білім беру мен дербестендірген оқыту әдістері; салыстыру нысаны ретінде – информатиканы дәстүрлі оқыту тәсілдері; нәтижелер ретінде – негізгі құзыреттіліктердің дамуы мен оқу жетістіктерінің динамикасы қарастырылды.
Жүйелік талдау 2014–2025 жылдар аралығындағы халықаралық ғылыми дерекқор материалдары негізінде PRISMA хаттамасына сай жүзеге асырылды. Қорытынды деректер қорына адаптивті цифрлық платформалардың, жеке білім беру траекторияларының, интеллектуалды білім беру жүйелерінің және оқу деректерін талдауға арналған құралдардың тиімділігін бағалайтын зерттеулер енгізілді.
Шолу нәтижелері информатика пәнін дербестендірілген және адаптивті тәсілдер арқылы оқыту алгоритмдік және сыни ойлау дағдыларының қарқынды дамуын қамтамасыз ететінін, дарынды білім алушылардың өз бетінше жұмыс жасау қабілетін күшейтетінін және академиялық үлгерімін арттыратынын көрсетті. Сонымен қатар зерттеулердің фрагментарлығы, бірыңғай бағалау метрикаларының болмауы және дамушы аймақтар деректерінің жеткіліксіздігі сияқты әдіснамалық шектеулер айқындалды. Алынған нәтижелер информатика білім беру жүйесінде адаптивті технологияларды одан әрі зерттеу және дербестендірілген оқыту тәсілдерін кешенді енгізу қажеттілігін көрсетеді.

