Аңдатпа
Білім берудің цифрлық трансформациясы педагогикалық тәсілдерді Альфа ұрпағының ерекшеліктерін ескере отырып қайта қарауды талап етеді. 2010 жылдан кейін туған Альфа ұрпағы жастайынан цифрлық ортаға бейімделіп, технологиялармен үнемі өзара әрекетте өседі, бұл олардың жоғары цифрлық сауаттылығына, интерактивті және жекелендірілген оқытуға деген жоғары сұранысына, сондай-ақ назарын шоғырландыру уақытының қысқаруына алып келеді. Осы зерттеудің мақсаты – бұл ұрпақтың когнитивтік, мінез-құлықтық және әлеуметтік-эмоциялық сипаттамаларының бастауыш мектептегі білім беру қатынастарына әсерін анықтау. Мақаланың ғылыми жаңалығы – алғаш рет эмпирикалық деңгейде Альфа ұрпағының цифрлық табиғатының мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар арасындағы өзара әрекеттестіктерге ықпалы талданды, бұл осы мәселе бойынша отандық зерттеулердегі олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Зерттеуде сапалық зерттеу дизайны қолданылды. Іріктемеге 7–11 жастағы бастауыш мектептің 72 оқушысы, 48 мұғалім және 60 ата-ана кірді. Деректер анкеталау, жартылай құрылымдалған сұхбаттар және сабақтарды бақылау арқылы жиналды. Нәтижелер оқушылардың интерактивтілік пен жекелендірілген оқытуға деген жоғары сұранысын көрсетті, бұл мұғалім рөлін цифрлық ортадағы фасилитатор және тәлімгер ретінде қайта қарауды талап етеді. Сонымен қатар, ата-аналардың цифрлық платформалар арқылы оқу процесіне қатысуының артқаны анықталды, дегенмен олардың цифрлық дайындық деңгейі жеткіліксіз.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы – білім беру ортасын бейімдеудің бағыттарын негіздеуде: педагогтарды цифрлық даярлау, оқушылардың әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамыту бағдарламаларын енгізу және ата-аналарды онлайн-ресурстарды меңгеруде қолдау. Онлайн және офлайн оқытудың теңгерімін сақтау, цифрлық шаршаудың алдын алу және экран алдында ұзақ отырудың теріс әсерін азайту қажеттілігі ерекше атап өтілді. Болашақ зерттеулердің перспективалары – бастауыш сынып оқушыларына арналған цифрлық оқытудың ұзақ мерзімді әсерлерін зерделеуге бағытталған лонгитюдтік және салыстырмалы зерттеулер жүргізу.