Аңдатпа
Бұл зерттеуде мектеп оқушыларының дене шынықтыру сабағында командалық спорт түрлеріндегі төзімділігін арттыру үшін жоғары қарқынды аралық жаттығулардың (HIIT) тиімділігі қарастырылды. Дәстүрлі жаттығулармен салыстырғанда HIIT әдісінің физикалық көрсеткіштерге әсерін анықтау мақсатында 9-11 сынып оқушылары (ер балалар) эксперименттік және бақылау топтарына бөлінді. Оқушылар футбол (9-сынып), баскетбол (10-сынып) және волейбол (11-сынып) спорт түрлеріне сәйкес жаттықты. Эксперименттік топтар HIIT әдісі бойынша, ал бақылау топтары дәстүрлі жаттығу әдістері бойынша дайындалды. Физикалық дайындық деңгейін бағалау үшін үш негізгі диагностика жүргізілді. Біріншіден, VO2max көрсеткіші Купер тесті арқылы анықталып, оқушылардың аэробтық төзімділігі өлшенді. Екіншіден, жылдамдық пен секіру қабілеті бағаланып, спринт уақыты мен вертикалды секіру көрсеткіштері тіркелді. Үшіншіден, жүрек соғу жиілігінің қалпына келу жылдамдығы (HRR) зерттеліп, физикалық жүктемеден кейін жүрек соғу жиілігінің қалыпқа келу уақыты есептелді. Зерттеу нәтижелері HIIT жаттығуларының тиімділігін айқын көрсетті. Эксперименттік топтың VO2max көрсеткіші 19,05%-ға артты, секіру биіктігі 18,9 сантиметрге жоғарылады, 30 метрге жүгіріп өту уақыты 1,6 секундқа қысқарды. Ал жүрек соғу жиілігінің қалпына келу жылдамдығы 51%-ға жақсарды. Бақылау тобында да белгілі бір ілгерілеу байқалғанымен, өзгерістердің көлемі аз болды. Бұл HIIT әдістемесінің аэробтық және анаэробтық жүйелерге оң әсерін тигізетінін және мектеп оқушыларының спорттық төзімділігін арттыруда тиімді құрал екенін дәлелдейді.