Аңдатпа
Мақала мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу тілінің кеш дамуы мәселесіне арналған. Соңғы жылдары сөйлеу дамуының кешеуілдеуі байқалатын балалар санының өсуі орын алуда, оның себептері – ата-ананың шамадан тыс қамқорлығы, заманауи технологиялардың (гаджеттердің) әсері, баланың жеткіліксіз мотивациясы. Мақалада баланың сенсомоторлық белсенділігінің сөйлеу қалыптасуына әсеріне ерекше назар аударылады: А.Р. Лурияның “Мидың үш функционалдық блогы туралы” концепциясы және Уильямс пен Шелленбергердің «Оқу пирамидасы» талданып, сенсомоторлық үдерістердің баланың когнитивтік дамуына әсері түсіндіріледі. Авторлар баланың сөйлеу бұзылыстарын түзету үдерісінде ата-аналардың басты рөлін, мамандар және педагогтермен өзара іс-қимылдың маңыздылығын, сондай-ақ баланың сенсорлық және когнитивтік дамуы бойынша ата-аналарды ағарту қажеттілігін атап өтеді.
Мақаланың мақсаты – Уильямс пен Шелленбергердің «Оқу пирамидасы» арқылы орталық жүйке жүйесі, сенсорлық үдерістер және мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу әрекеті арасындағы байланысты сипаттау.
Зерттеудің теориялық негізін А.Р. Лурияның мидың үш құрылымдық-функционалдық блогы концепциясы, Уильямс пен Шелленбергердің «Оқу пирамидасы» (1996), мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу бұзылыстарын диагностикалау мен түзету саласындағы зерттеулер құрады. Авторлар теориялық әдістерді – ғылыми әдебиеттерді талдау және қорытындылау, салыстырмалы талдау әдісін қолданды.
Қорытындыда авторлар сөйлеу дамуы кешеуілдеген балалардың ата-аналары үшін орталық жүйке жүйесінің жұмыс ерекшеліктерін, оның сенсорлық үдерістермен және баланың когнитивтік функцияларымен байланысын білу мен түсінудің кешенді түзету жұмыстары жүйесін құрудағы маңыздылығын атап өтеді.