Abstract
Қазақстандық қоғамның демократиялық жағдайларда дамуына байланысты білім беруге қойылатын заманауи талаптар пайда болуда. Қазіргі уақытта білім берудегі құндылықтық (аксиологиялық) тәсіл оқытушы мен оқушының өз мүмкіндіктеріне, бейімділігіне және ерекшеліктеріне сәйкес өзекті болып отыр. Құндылық бағдарлар жүйесі адамның рухани өзегін анықтайды, оның әлемге және өзіне деген қарым-қатынасын, өмірлік келешегін, тұлғаның «даму векторын» көрсетеді. Бастауыш сынып мұғалімдерінің тұлғалық және кәсіби дамуының негізі педагогикалық құндылықтар болып табылады.
Мақалада шетелдік және отандық педагогикалық аксиологияның жетекші идеялары, «құндылық» және оның туындылары категориясының мазмұны, тұлға компоненттерімен, атап айтқанда, бастауыш мектеп мұғалімімен құндылықтық бағдарлардың өзара әрекеттесу механизмі қарастырылады.
Мақаланың мақсаты авторлар жүргізген американдық психолог М. Рокичтің әдістемесі бойынша бастауыш сынып мұғалімдерінің құндылық бағдарлар жүйесін зерттеу нәтижелерімен таныстыру болып табылады. Бұл нәтижелер тұлғаның бағыттылығын және өмірлік белсенділіктің мотивациясын анықтайтын кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру құндылықтары арқылы түсіндіріледі. Құндылықтық бағдарлар жүйесі тұлғаның бағыттылығының мазмұнды жағын анықтап, оның қоршаған ортаға, басқа адамдарға, өзіне деген қарым-қатынас негізін құрайды; дүниетанымның негізін және өмірлік белсенділіктің мотивациясының өзегін, өмірлік концепцияның және «өмір философиясының» негізін құрайды.
Мақалада М. Рокичтің құндылық бағдарларды зерттеу әдістемесі, оның ішінде деректерді жинау, өңдеу және талдау әдістері; іріктеменің сипаттамасы; зерттеудің фактілік материалы сипатталған. Бұл әдістеменің негізгі әдісі сауалнама болды.
Зерттеу нәтижесі ретінде бастауыш сынып мұғалімінің әлеуметтік және кәсіби өміріндегі құндылық бағдарлардың басымдығы танылып, біліктілікті арттыру, курстан кейінгі қолдау, іс-әрекеттерді жеке тұлғалық құндылықтар жүйесімен, өзін-өзі жүзеге асыру жоспарланған қоғам құндылықтарымен сәйкестендіру мәселесі анықталды.
Зерттеудің маңыздылығы бастауыш сынып мұғалімінің құндылықтық бағдарлар құрылымын диагностикалауда, жетекші құндылықтарды анықтауда, кәсіби құндылықтардың қайшылықты немесе қайшылықсыз екенін диагностикалауда жатыр. Сауалнама негізінде бастауыш сынып мұғалімінің жеке тұлғалық құндылықтық бағдарлар жүйесінің заңдылықтары туралы түсінік қалыптастырылды.
М. Рокичтің әдістемесі бойынша бастауыш сынып мұғалімдерінің құндылық бағдарлары анықталған кезде келесі нәтижелер алынды: терминалды құндылықтар (құндылық-мақсаттар) иерархиясында маңызды құндылықтар – денсаулық, махаббат, өмірлік даналық, ал инструменталды құндылықтар (құндылық-құралдар) иерархиясында – тәртіптілік, жауапкершілік, ұқыптылық. Бұлар құндылық бағдарлар иерархиясындағы ең тұрақты құндылықтар болып табылады.
Зерттеу нәтижелерін түсіндіру барысында авторлар кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру құндылықтары бастауыш сынып мұғалімдерінің құндылықтық бағдарлар жүйесінде басым емес деген қорытындыға келді.